Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы құрылды

 

Облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатында ата-аналармен қарым-қатынасты нығайта түсу, балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» құрылды.

Орталықтың алғашқы жиынында ата- аналарға түсіндіру жұмысы жүргізілді. Жиында сөз алған лицей-интернат директоры Қаракөз Еңсегенқызы бастаманы қолдаған ата-аналарға ризашылығын білдірді. «Ашық микрофон» айдарында тәрбиеші Кенжеш Құрметқызы жиналысқа қатысушы ата-аналармен сұхбаттасып, ой бөлісті. «Даналық мектебі» клубының жетекшісі Балжан Зұлқашқызы клуб жұмысын ұйымдастыру бойынша ата-аналарға презентация жасады. Педагог-психолог Мейрамгүл Қаңтарбайқызы «EQ және үйлесімді даму» тренингін өткізді. Ата-аналар «Даналық мектебі» клубының жұмысына қолдау білдіріп, нәтижелі жұмыс жасау мақсатында жоспар бойынша ағарту жұмыстарын жүйелі жалғастыруға келісті.

Осы отырыстан кейін өткізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру» тақырыбындағы ата-аналар жиналысында 6-9 сыныптар арасында «Баланың бас ұстазы — ата-ана», 9-11 сыныптар арасында «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу…» тақырыптарында тренинг, дөңгелек үстел, дастарқан басындағы әңгімелер өткізді.