Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қазақстан  Республикасы   Президенті  Қ.К.Тоқаевтың  Қазақстан  халқына  Жолдауында  айтылған еліміздің біртұтастығын нығайту – ең маңызды мәселе екендігін айтуы көпшіліктің  көкейінде  жүрген көп сауалдың  нақты жауабындай болды.  Халқымыздың ынтымағын сақтау, бейбітшілігін нығайту, оның мемлекеттілігін құрметтеу, қадір тұту – әр азаматтың  парызы. Қандай қиын күн туса да, елінің егемендігі үшін басын қатерге тігу тек батырдың немесе басшының ғана емес, әр азаматтың міндеті екендігі баса айтылды.  Дәл бүгін алдағы  арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет екендігін атап көрсетті.

Ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздаған сындарлы кезеңдерді бастан кешкен халқымыздың ерлігіне ризашылығын білдірді. Ұлт пен ел ретінде сақталып қалудың басты белгісі Тәуелсіздігімізді нығайту үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керектігін назарда ұстауға шақырды.
    Халықтың  үніне, ұсынысына ден қойған дана басшымыз жер мәселесі мен саяси бағыттағы түрлі  түйткілді  ойлардың да нақты шешімдерін ашық айта білді. Таланты мен дарыны әлемге әйгілі болған ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында ірі қалаларға олардың есімдерін беру ұсынысы да көпшіліктің көңілінен шықты. Мемлекет басшысы  қазақ жерінің  ірі аймақтарын орталықтандыру, облыс орталықтарын Абай, Ұлытау, Алматы, Жетісу атауларымен қайта жандандырудың айқын мақсатын жеткізе білді.
   Ел  мен жер – ұлттың ажырамас  байлығы, оны  әр азамат айқын түсінуі   қажет. Сондықтан  атамекен, туған жерімізді сақтау, құрметтеу, қадірлеу - әрқайсымыздың  міндетіміз. Тарих тұрғысынан алғанда, көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәтте өте шыққан отыз жылда жеткен жетістіктеріміз бен қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан кезеңдерімізге талдау жасай отырып, жарқын болашаққа жетудің жасампаз жолын ұсынды.
 

Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының директоры Қарагөз Еңсегенқызы Тілеумағамбетова