"МЫҢ БАЛА" олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

2023 жылғы 18 қазанда Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының базасында «Myń bala» ұлттық зияткерлік олимпиадасының 41 жеңімпазын салтанатты марапаттау шарасы өткізілді. Жүлдегерлер қатарында Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының 7 класс оқушылары Абайқызы Асылай, Ермұратова Айару, Алтыбаева Жанар болды.

Интеллектуалдық деңгейі жоғары, өз бетімен ізденуге қабілетті тұлға қалыптастыру, шығармашыл, дарынды оқушыларды ынталандыру мақсатында Ақтөбе облысы білім басқармасының атынан "Ақтөбе-Дарын" өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Ж.Есенжолова балалардың болашағына үлкен қолдау көрсеткен әр ата-анаға Алғыс хат, әр жеңімпазға диплом мен 100 000 (жүз мың) теңге көлемінде сертификат табыстады.

Дарынды, талантты, қабілетті, жігерлі балаларға зор сенім білдіріп, жеңістерімен құттықтады.

Шара барысында ән шырқалып, «Myń bala» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары, ата-аналар мен ұстаздар жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар, Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей интернатының 7- класс оқушысы Досанов Батыр мен Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының 7- класс оқушысы Абайқызы Асылай олимпиада туралы өз ойларымен бөлісіп, ұстаздарына жүрекжарды тілектерін білдірді.

Жеңімпаздарды, ата-аналар мен жетекшілерді құттықтаймыз!